Халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғап, биік шыңдардан көрініп, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген Орынбек Сейдағаламұлы – біздің мақтанышымыз. – АО «Астана — Теплотранзит»

 

Біздің мақтанышымыз
Орынбек Сейдағаламұлы 2008 жылдың шілде айынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Астана-Теплотранзит» АҚ-та реттеу қызметінің технигі лауазымында жұмыс істейді. Жас мамандармен өзінің тәжірибесімен және білімімен бөліседі. Ұжымда зор құрмет пен беделге ие. Еңбекқор және жұмысқа жауапкершілікпен қарайды. Орынбек Сейдағаламұлы елеулі еңбегі және шығармашылық  қызметі  үшін 2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 5 желтоқсандағы №39837 Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Еңбек жолындағы жоғары марапаттармен қатар, спорт саласында да елеулі жетістіктері бар. Өзінің жасына қарамастан, еліміздің өскелең ұрпағына салауатты өмір салтын ұстануды насихаттап, көп жылдар бойы спортпен айналысып келеді. Орынбек Сейдағаламұлы – «Самбо» күресінен спорт шебері, Қазақстан Республикасының «Қазақ күресінен» спорт шебері, 2018 жылғы спорт шеберлері арасында «Самбо» күресінен Әлем чемпионы (Касабланка қаласы, Марокко), «Самбо» күресінен Әлем Чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері, дзюдодан Ресей Ашық чемпионатының күміс жүлдегері және самбо мен дзюдодан Қазақстан Республикасының 4 дүркін чемпионы. Халықаралық жарыстарда Қазақстан Республикасының намысын қорғап, биік шыңдардан көрініп, еліміздің көк байрағын желбіретіп жүрген Орынбек Сейдағаламұлы – біздің мақтанышымыз.

Орынбек Сейдағаламұлының алған асулары мен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық:

2011 жылы – «Қазақ күресінің мақтанышы» медалі, Алматы қаласы;

2012 жылы – Самбо күресінен ардагерлер арасында өткізілген біріншілікте 2-орын,  Түркістан қаласы;

2012 жылы – Самбо күресінен ардагерлер арасында өткізілген  әлем чемпионатында 5-орын, Касабланка қаласы, Марокко Карольдігі;

2013 жылы – Самбо күресінен ардагерлер арасында өткізілген Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-орын, Қостанай қаласы;

2013 жылы – Самбо күресінен әлем біріншілігінде күміс медалі, Бургас қаласы, Болгария;

2014 жылы – Самбо күресінен әлем біріншілігінде күміс медалі, Халкидики қаласы, Грекия;

2015 жылы – Самбо күресінен әлем біріншілігінде күміс медалі, Ашдот қаласы, Израиль;

2017 жылы – Самбо күресінен әлем біріншілігінде қола медалі, Пореч қаласы, Хорватия;

2017 жылы – Самбо күресінен Қазақстан Республикасының біріншілігінде күміс медалі, Түркістан қаласы;

2018 жылы – Самбо күресінен шеберлер арасында өткізілген  әлем чемпионатында 1-орын, Касабланка қаласы, Марокко Карольдігі;

2019 жылы – дзюдодан ардагерлер арасында Ресей чемпионатында  2-орын, Санкт-Петербург қаласы;

2019 жылы – дзюдодан ардагерлер арасындағы Қазақстанның Бірінші чемпионатында 1-орын, Нұрсұлтан қаласы.

Спорттағы көпжылдық жоғары көрсеткіштері үшін Орынбек Сейдағаламұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Қазіргі кезде Орынбек аға жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, қазақ спортының дамуына зор үлесін қосуда. Орынбек Сейдағаламұлы табандылықпен, жоғары шеберлікпен, қажымас қайраттылықпен біздің елімізді спорттық сайыстарда лайықты көрсетіп жүр.

Енді, міне, тағы да бір жеңіс! 2019 жылдың қазан айында Кипрде самбодан ардагер-шеберлер арасында алыс және жақын шетелдерден осы спорт түрінің ардагер-шеберлері қатысқан самбодан Әлем чемпионаты өтті. Біздің әріптесіміз, реттеу қызметінің технигі, Кәсіподақ мүшесі Орынбек Сейдағаламұлы 82 келі салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, І орынға ие болды!

Орынбек Сейдағаламұлын осы жеңіспен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасына бақыт, спорт белестерін бағындыруда жаңа жетістіктерінің биіктей беруіне және бізді үздік нәтижелерімен қуанта беруіне тілекпеспіз!